ШҚО ПД бастығы ПИК және МИБ өкілдерімен қауіпсіздік мәселелерін талқылады
ШҚО ПД бастығы ПИК және МИБ өкілдерімен қауіпсіздік мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі 2025 жылды Профилактика жылы деп жариялады. Осыған байланысты Өскемен қаласында ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбековтың қала әкімінің орынбасарымен, ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) мен МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) төрағаларымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті.
Полиция департаментінің бастығы атап өткендей, өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты, ал соңғы бес жылда қылмыс деңгейі төмендеген. Бұл ретте құқық қорғау органдарының алдын алу жұмыстары маңызды рөл атқарды: қылмыс картасына күнделікті талдау жүргізу арқылы полиция жасақтарын қайта бөлу, бейімделген патрульдеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағдарламаларын жүзеге асыру, заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану және мақсатты профилактикалық шаралар.
— Полицияның басты міндеті – заң мен тәртіпті қамтамасыз ету. Біз қылмыстың алдын алу, туындайтын қауіп-қатерлерге жедел ден қою және азаматтардың сенімін нығайту үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатырмыз, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
Кездесу барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2024 жылы өңірдегі дағдарыс орталықтарына 249 ана балаларымен бірге көмек сұрап жүгінген, оларға қажетті қолдау көрсетілді.
— Отбасындағы зорлық-зомбылыққа немқұрайлы қарау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бір қоңырау бірнеше адамның тағдырын сақтап қалуы ықтимал, – деді ШҚО ПД бастығы.
Сонымен қатар масаң күйде жасалатын қылмыстар, қайталанатын құқық бұзушылықтар, есірткі қылмыстары және интернет-алаяқтықпен күрес шаралары талқыланды. Кездесу қатысушылары халықпен ашық диалогқа және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға негізделген сервистік полиция моделін дамыту мәселелеріне де тоқталды.
Сондай-ақ қаланы абаттандыру және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерімен күресу мәселелері қозғалды. ПИК және МИБ өкілдері учаскелік инспекторлардың тұрғындармен тұрақты байланыста екенін және туындаған мәселелерді жедел шешуге көмектесетінін атап өтті.
Кездесу соңында ПД бастығы ПИК және МИБ төрағаларына Өскемен қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етті. Мұндай жиындар облыстың барлық қала және аудандарында өткізілетін болады, бұл қауіпсіздікті нығайту бойынша бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.