ШҚО ПД-да бірінші тоқсандағы жұмыс қорытындысы талқыланды
ШҚО ПД-да әкімшілік қызметтердің бірінші тоқсандағы жұмыс қорытындысы талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рифхат Тауфиковтың төрағалығымен жедел кеңес өтті.
Кеңеске жергілікті полиция қызметі және әкімшілік полиция басқармаларының басшылары, жол-патрульдік бөлімшелерінің командирлері мен аумақтық органдардың өкілдері қатысты. Басқосуда ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны бойынша әкімшілік қызметтердің жұмыс қорытындысы қаралды.
Жалпы қылмыстық бағыттағы қылмыс деңгейінің төмендеуі атап өтілді. Кеңесте қаралған негізгі мәселелердің бірі – отбасылық-тұрмыстық салада, әсіресе масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл болды. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында осындай әрекеттерге жол берген азаматтарға қатысты сот тәртібімен мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптар белгілеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 294 адамға осындай шектеулер енгізілген.
Отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзған 1384 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1174 жағдайда қайталану қаупінің алдын алуға бағытталған қорғану ұйғарымдары қолданылды. Белгіленген шектеулерді елемеген 146 адамға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Сонымен қатар алкогольге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жандандырылды. Жыл басынан бері құрамында спирті бар өнімдерді заңсыз сату, кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз алкоголь өнімін өткізу фактілері анықталып, 500 литрден астам контрафактілік өнім тәркіленді. Сату, ішу және қоғамдық орындарда мас күйде жүру ережелерін бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 81 азамат алкогольдік тәуелділіктен мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
Жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде облыстың тағы 7 елді мекенінің тұрғындары спирттік ішімдіктен бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында тек 4 осындай ауыл болған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында апаттылығы жоғары учаскелер анықталып, сол жерлерде қосымша патрульдік полиция нарядтары жұмылдырылды. "Бірыңғай профилактика күні" бастамасымен жол-патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды тұрақты түрде өткізді.
Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша масаң күйде көлік жүргізудің 284 жағдайы тіркелді. Қарсы қозғалыс жолағына шығу бойынша құқық бұзушылықтар 18,5%-ға артты. Сонымен қатар жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың көлік құралын басқару фактілері де анықталды. Жалпы облыс бойынша жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 12-ден 6 адамға дейін азайғаны байқалады.
- 2025 жыл – "Профилактика жылы" деп жарияланды. Басты міндетіміз – құқық бұзушылықтың алдын алу, “Заң және Тәртіп” қағидасын басшылыққа ала отырып, жұмысты күшейту. Полиция қызметкерлері тек орындаушылар ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту ісінің белсенді қатысушылары болуы тиіс, -деп атап өтті ШҚО ПД бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков.
Аталған бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.