ШҚО ПД-да жас қызметкерлер ардагерлермен кездесті
ШҚО ПД-да жас қызметкерлер ардагерлермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде ардагерлер мен жас мамандар арасында тағылымы мол кездесу өтті. Бұл шара – ішкі істер органдарындағы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
Кездесудің құрметті қонағы – кәсіби жолы мен өмірлік ұстанымын жастарға үлгі етіп жүрген Асқар Айтқалиұлы болды. Ол жедел-криминалистикалық қызметтің өзекті мәселелеріне тоқталып, қылмыстарды ашудағы тәжірибесін ортаға салды. Дактилоскопия, баллистика сынды сараптамалар туралы нақты мысалдармен бөлісіп, тыңдаушыларға терең ой салды.
— Қызметте ең бастысы – кәсібилікпен қатар адалдық пен жауапкершілік. Бұл қасиеттер аға буыннан кейінгі толқынға берілер басты аманат, — деді Асқар Айтқалиұлы.
Кездесуден соң қатысушылар ведомстволық музейді аралап, криминалистиканың тарихы мен ішкі істер саласының қалыптасу кезеңдеріне куә болды. Мұндағы әрбір экспонат — тергеу ісінің даму жолынан сыр шертетін құнды жәдігер.
Мұндай тағылымды кездесулер жас қызметкерлерге кәсіби бағдар беріп қана қоймай, ардагерлер еңбегіне деген құрметті арттырып, рухани сабақтастықты нығайта түседі. Ұрпақтар арасындағы байланыс – ішкі істер саласының тұрақты дамуының кепілі.