ШҚО ПД мен Қазақстан-Американдық еркін университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
ШҚО Полиция департаменті мен Қазақстан-Американдық еркін университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 желтоқсанда Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев және ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Медет Бердімұратов құқық саласында тәжірибе және өзекті ақпарат алмасуға, оқу процесін жетілдіруге және әлеуметтік пайдалы мақсаттарға бағытталған тараптар бірлескен қызметінің басым бағыттарын көрсететін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қою университеттің студенттерімен кездесу барысында өтті. Меморандумға сәйкес тараптар өзара қызығушылық танытатын ғылым және білім беру саласында ынтымақтастық жасауға, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыруға, жобаларды іске асыруға, білім алушылардың таңдаған мамандық бағыты бойынша ішкі істер органдарында, оның ішінде тергеу бөлімшелерінде еңбек қызметіне құлшынысын арттыру мақсатында кәсіптік бағдарлау жүйесін дамытуға ниетті.
ШҚО ПД бастығының орынбасары полицияға жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы, криминалист, учаскелік инспектор және тағы басқа да лауазымдарда қызмет ету үшін адал, білімді, мықты, епті, батыл және төзімді мамандар қажет екенін айтты.
– Ішкі істер органдарында қызмет атқаруға ниет білдірген кандидаттар Шәкәрім даңғылы 1 мекенжайындағы ШҚО ПД Кадр саясаты басқармасына жүгінуі қажет, – деді Кадр саясатының бастығы Ерхат Шалқыбаев.
ШҚО Полиция департаментінің студенттерге тәжірибе базасын ұсынуға, кездесулер, дәрістер сияқты бірлескен іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі бар.
– ШҚО ПД-да криминалистикалық полигон мен оқу-жаттығу орталығы бар. Онда студенттерді нақты жағдайға барынша жақын жағдайда оқытуға болады. Теория мен практиканы біріктіру негізінде біз өз ісінің шебер мамандарын алғымыз келеді, – деп атап өтті Медет Бердімұратов.
Меморандум ұзақ мерзімге жасалды.