ШҚО ПД музейі бірегей тарихи кітаппен толықты
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің музейі бірегей тарихи кітаппен толықты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің музей қорына маңызды тарихи еңбек — “Работники милиции Восточно-Казахстанской области в Великой Отечественной войне” атты кітап қосылды. Авторы — ІІМ ардагері, полковник Жұмағазы Оразов бұл еңбекті ел басына күн туған шақта Отан алдындағы борышын өтеген милиция қызметкерлерінің жарқын бейнесіне арнаған.
Жұмағазы Оразов соғыстан кейін, 1953 жылы Бесқарағай ауданына қарасты Бөдене ауылында дүниеге келген. Сол сұрапыл соғыстың куәгері болмаса да, ішкі істер органдарындағы көпжылдық қызметінің арқасында аға буын ерлігінің маңызын терең ұғынған. Ол өз еңбек жолында тергеушіден бастап, ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаменті мен ШҚО-дағы сот актілерін орындау басқармасының басшысы сияқты жауапты қызметтерді атқарған.
Ұлы Отан соғысына қатысқан Семей және Шығыс Қазақстан облысы милиция қызметкерлерінің есімдерін анықтап қана қоймай, олардың ерліктерін, қандай орден-медальдармен марапатталғанын, қандай қиындықтарды еңсергенін деректермен нақтылау – автордың ұлы Айдармен бірге атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі.
— Біз бұл кітап арқылы ұрпақтар өз ата-бабаларының тағдырын біліп өссе екен дейміз. Себебі тарихсыз болашақ болмайды, — деді Ж.Оразов.
Аталған кітап ішкі істер органдарының тарихын сақтау ісіне қосылған қомақты үлес әрі Жеңіс буынына деген зор құрметтің белгісі ретінде музей төрінен орын алды. Бұл – ерлік, борыш және ұрпақтар сабақтастығы туралы үнсіз куә.