Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО ПД қызметкері Президенттік көпсайыстан Қазақстан чемпионы атанды

ШҚО полиция департаментінің қызметкері Президенттік көпсайыстан Қазақстан чемпионы атанды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласында Президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген полиция қызметкерлері қатысты. Бұл жарыс – күш пен төзімділікті, жылдамдық пен ептілікті қатар талап ететін ерекше көпсайыс түрі.

Аталған байрақты бәсекеге Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ОЖВ (оқу-жаттығу взводы) қызметкері Бауыржан Райымбеков қатысып, өз 40-49 жас аралығы санатында жоғары нәтиже көрсетіп, 1-орынды жеңіп алды.

Чемпионат екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде жарыстың салтанатты ашылуынан кейін қатысушылар оқ ату және күш гимнастикасы бойынша сынға түссе, екінші бөлімінде қашықтыққа жүгіру мен жүзу жаттығулары ұйымдастырылды. Бұл кезеңдер спортшылардың жан-жақты дайындық деңгейін, төзімділігі мен кәсіби машығын анықтауға мүмкіндік берді.

Байқауға еліміздің әр өңірінен келген тәжірибелі қарсыластармен қатар, бұған дейін халықаралық ареналарда ел намысын қорғаған әлем чемпиондары да қатысты. Дегенмен, ұзақ жылғы тәжірибе мен табанды жаттығудың арқасында Бауыржан Рымбекұлы жүлделі марапатқа қол жеткізіп, спорт шебері нормативін сапалы түрде орындап шықты.

Полицейдің айтуынша, спорт пен қызмет бір-бірімен тығыз байланысты.

— Өзімнің атқаратын қызметім спортпен ұштасатын болғандықтан, мұндай чемпионаттарға қатысу мен үшін қиын емес. Жалпы, ішкі істер органдарында еңбек етіп келе жатқаныма 22 жыл болды. Қазіргі уақытта да қызметімді абыроймен атқарып келемін. Осындай чемпионаттар арқылы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің беделі мен оның қызметкерлерінің деңгейі жоғарылай түссе, бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл жеңіс маған алдағы уақытта да бұдан да биік белестерге ұмтылуға мотивация береді, – дейді ол.

Айта кетерлігі, Бауыржан Райымбеков – тек бұл жарыста ғана емес, қоян-қолтық ұрыс, кросс, марафон сияқты түрлі спорт түрлерінен де талай жарыстың жеңімпазы. Ол полиция қызметкерінің бейнесі тек тәртіп күзетшісі ғана емес, рухани және физикалық жағынан да мықты тұлға болуы тиіс екенін өз тәжірибесі арқылы дәлелдеп келеді.

Бұл жеңіс – жеке жетістік қана емес, Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің намысы мен беделінің биіктеуіне қосылған сүбелі үлес.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру