Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО ПД қызметкері қысқы спартакиаданың чемпионы атанды

ШҚО ПД қызметкері қысқы спартакиаданың чемпионы атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының VI қысқы Спартакиадасы Шығыс Қазақстан облысының спортшылары үшін тарихи жеңіспен аяқталды. Хоккейден сайысқа түскен команда өздерінің шеберлігін, табандылығын және жанкештілігін көрсете отырып, турнирдің алтын медалін жеңіп алды.

Айдынға шығып, ШҚО намысын қорғау мәртебесі құқық қорғау саласының өкілі – полиция қызметкері Серік Шидериновқа бұйырды.

Серік бала кезінен спортқа жақын. Алты жасынан бастап коньки тебуді үйреніп, елдегі аты аңызға айналған "Торпедо" хоккей клубының мектебінен өткен. Жасөспірім шағынан бастап-ақ сүйікті ісіне адалдық танытып, спорттық шеберлігін шыңдай түсті. Бүгінде ол туған өңірінің намысын әуесқойлар мен кәсіпқойлар арасындағы жарыстарда, соның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында өтетін чемпионаттарда сәтті қорғап жүр.

Көпжылдық тәжірибесі оған командалық жұмыстың, бір-бірін қолдаудың қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Бұл қағидалар тек мұз айдынында ғана емес, оның күнделікті қызметінде де ерекше маңызға ие. Өйткені полиция қатарында ауызбіршілік пен өзара сенім – табысты қызметтің басты шарттарының бірі.

Мұз айдынында да, кәсіби міндетін атқаруда да тәртіп сақшысы үшін ең басты қасиеттер – шешімділік пен төзімділік. Серік Шидеринов бұл қағидаларды өмірлік ұстанымына айналдырып, ел тыныштығын қорғау жолында да осындай табандылық танытып келеді.

Айта кетейік, қысқы Спартакиада – төрт жылда бір өтетін мәртебелі спорттық дода. Бұл жарыста топ жару – кез келген спортшы үшін үлкен жетістік.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұжымы Серік Шидериновты айтулы жеңісімен құттықтай отырып, оған спорт пен қызметте толағай табыстар, мықты денсаулық және жаңа биіктерді бағындыруды тілейді!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру