Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО ПД қызметкерлері 101 жастағы ардагермен кездесті

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері – Рахимов Құрмат Рахимұлымен  кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында ардагер Астана қаласына барып, әскери парадқа қатысқан болатын.

Құрмат Рахимұлы – майдан жолынан өткен, соғыстан кейінгі бүкіл өмірін ішкі істер органдарына арнаған аңыз тұлға. Оның өмір жолы – нағыз ерліктің, табандылықтың және Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында 6 мамыр күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ішкі істер министрі ардагерге “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл” медалін табыстады.

Бүгінгі кездесуде Құрмат Рахимұлы Астана сапары мен парадтағы әсерімен бөлісті. Ол әсіресе жас ұрпақтың тарихқа деген құрметін көріп, жүрегі ерекше тебіренгенін айтып, бүгінде Қазақстан бейбіт өмір сүріп, дамып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

— Майдангерлердің рухына көрсетілген құрмет пен бейбіт өмірдің қадірін түсінетін ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Біздің жастардың еліне пайдасы тиіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтайтынына сенемін, — деді ардагер.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков ардагерге бүкіл жеке құрам атынан алғыс білдіріп, зор құрмет көрсетті.

— Құрмат Рахимұлы – біздің мақтанышымыз, тарихымыз. Мұндай тұлғалар – біздің рухымызды қалыптастырып, қызметімізге мән береді. Шын жүректен мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және қажымас қайрат тілеймін. Біз үшін ардагеріміз – табандылықтың, ерліктің және нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі, — деді ШҚО-ның бас полицейі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру