ШҚО полицейі «Altyn batyr» әлем чемпионатында бірден үш алтынды қанжығасына байлады
Шығыс Қазақстан облысының полицейі «Altyn batyr» әлем чемпионатынан үш алтын медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13-15 қыркүйек аралығында Қарағанды қаласында күштік спорт түрлерінен «Алтын батыр» әлем кубогы өтіп, оған Үндістан, Греция, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей және Қазақстан сынды елдерден 200-ден астам спортшы қатысты.
Аталған ауқымды додаға ШҚО ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері, взвод командирі Қуат Бақытбекұлы барды.
Тәртіп сақшысы 82,5 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын үш спорт түрінен – стендтік пресс, әскери пресс және дене салмағындағы стендтік прессте жеңіп, бірден үш алтынды қанжығасына байлады.
Жеңімпаз өзі күш спортымен 2018 жылдан бері айналыса бастаған. Ол бірнеше рет түрлі жарыстарда Қазақстан чемпионы, сонымен қатар NPA Азия кубогының чемпионы атанған.
– Спорт құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысында өте маңызды рөл атқарады, өйткені дене шынықтыру жаттығулары бізге таңдаған мамандығымыздың қиын сәттерін жеңуге көмектеседі. Дегенмен, мен үшін қиындық дегеннің бәрі уақытша, ең бастысы – табандылық пен мақсатқа жетуге деген ұмтылыс болса болды, – деп бөлісті взвод командирі Қуат Бақытбекұлы.