ШҚО полицейлері 100 жастағы қарияға жаңа жеке куәлігін табыс етті
ШҚО полицейлері 100 жастағы қазақстандыққа жаңа жеке куәлігін табыс етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңартылған құжатты ШҚО ПД көші-қон қызметінің қызметкерлері әженің туған күнінде үйіне алып келген.
Зейнеткерлікке шыққанға дейін, жасының ұлғайғанына қарамастан балалар жедел жәрдем бригадасының санитарлық қызметкері болып жұмыс істеген Өскемен қаласының тұрғыны Елизавета Прядко қонақтарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Полиция қызметкерлері оған Қазақстан Республикасының жаңа жеке куәлігін тапсырып, зор денсаулық тіледі.
Елизавета Прядко көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлерінің назары мен кәсібилігі үшін барлығына жылы лебізін білдірді.
– Біз Елизавета Прядкоға құжат алмасу бойынша өз көмегімізді көрсеткенімізге қуаныштымыз, өйткені мұндай жағдайлар күн сайын кездесе бермейді. Барлығымызға ұзақ өмір мен рух беріктігін тілеймін, – дейді инспектор Шырайлым Ерікова.
Шығыс Қазақстан полициясының тарихында тәртіп сақшылары 100 жылдық межеден өткен 40-қа жуық азаматтың құжаттарын жаңартып бергенін айта кеткен жөн.