ШҚО полицейлері бейнекамералар арқылы алаяқтықты әшкереледі
ШҚО полицейлері бейнекамералар арқылы алаяқтықты әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығының «102» арнасына белгісіз жігіт қоңырау шалу сылтауымен телефонды алдап алып, қашып кеткені туралы өтініш келіп түскен. Жасөспірімнің айтуынша, қаланың Үлбі бөлігіндегі көшелердің бірінде белгісіз жігіт смартфонынан қоңырау шалуды өтінген. Алайда жас жігітті алдап, күдікті оның телефонымен қашып кеткен. Жәбірленуші бұл оқиға туралы жарты сағаттан кейін үйде болған кезде хабарлаған.
Полицейлер оқиға орнынан «Сергек» АБК бейнекамераларын көру арқылы іздеуге қосылды. Зияткерлік бейнежүйені шолудың арқасында құқық қорғау органдары қызметкерлері бірнеше минут ішінде Өскемен қаласының орталық базар ауданына жетіп, телефонды сатып үлгерген күдіктінің әрекетін кезең-кезеңімен анықтады. Күдікті сол жерде патрульдік полиция қызметкерлерімен ұсталды.
Үлбі полиция бөлімі осы факті бойынша 25 жастағы ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта облыс орталығында 5000-нан астам бейнебақылау камералары жұмыс істейді, олар ПД жедел басқару орталығына біріктірілген. Әрбір мониторға бейнені тұрақты бақылауды жүзеге асыратын бейнебақылау инспекторы бекітіліп, соның арқасында қылмыскерлерді ізін суытпай ұстауға болады.
Осы жылдың басынан бастап бейнежазбаның көмегімен 147 қылмыс ашылды, оның ішінде: 60 ұрлық, 19 айдап әкету, 12 тонау, 9 бұзақылық және 45 басқа қылмыстар.
Статистикалық деректер ЖБО жұмысының жоғары тиімділігін көрсетеді, өйткені бейнекамералардың болуы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудың тиісті әдістерінің бірі.