Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері Білім күні қарсаңында балаларға ұмытылмас мереке сыйлады

ШҚО полицейлері Білім күні қарсаңында балаларға ұмытылмас мереке ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1 қыркүйекке орай тәртіп сақшыларының балалар үшін арнайы дайындалған қызықты бағдарламаларына ШҚО ПД қызметкерлерінің 100-ден астам баласы қатысты. Жас қонақтардың назарына тәртіп сақшылары полиция көліктерінің бірнеше түрін, қару-жарағын, арнайы қорғаныс құралдарын, импровизацияланған концерттік және ойын алаңдарын, кәсіби аниматорлардың өнерін көрсетті, ал жағымды бонус ретінде тәттілер бұрышы ұйымдастырылды.

Мерекеге жиналғандарды ШҚО ПД бастығының орынбасары Серік Манапов құттықтады.

– Бүгін сіздердің өмірлеріңіздегі ең маңызды күн. Сіздер жаңа жолға – білімге апаратын жолға қадам басасыздар. Балалармен бірге олардың ата-аналары, аталары мен әжелері де әрдайым алаңдайды. Бастаған қадамдарыңыз тек жағымды эмоцияларға толы болсын, – деп атап өтті полицей.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері полиция қызметкерлерінің жұмысының қауіптілігін, автоматизмге дейін жетілдірілген, қылмыскерді атыс қаруымен және суық қарумен залалсыздандыру тәсілдерін айқын көрсетті.

Сонымен қатар полицейлер балалармен жол жүріс қағидаларының, қоғамдық көлікте және автомобильде жүріс-тұрыстың негізгі ережелерін қайталап, жарық шағылғыстырғыш элементтерді кию қажеттілігі мен жолдардағы қауіпсіздік туралы әңгімелесті.

Балалар тіпті полиция көлігінің жүргізуші орындығында отырып, жаңа Segway гироскутеріне де мініп, өздерін нағыз инспектор ретінде көрсетіп үлгерді. Арнайы шақырылған аниматорлар балаларға қызықты ойындар дайындап, мерекелік атмофераны одан сайын ерекшелей түсті.

Балаларының қуанышты жүздерін тамашалаған ата-аналар облыстың полиция басшылығына оқу жылы басталар алдында жарқын эмоциялар мен мерекелік көңіл-күй үшін алғыс айтты.

Биыл өңірде ата-анасы полицияда қызмет ететін 220 бала мектеп парталарына бірінші рет отыратынын атап өту керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру