Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері ІІО ардагерін 80 жылдық мерейтойымен құттықтады

ШҚО полицейлері ІІО ардагерін 80 жылдық мерейтойымен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы, жеке құрамы және Ардагерлер кеңесі полиция полковнигі Майдан Дүйсембаевты 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Майдан Молдашұлы 1944 жылы 9 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Алексеевка ауылында дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген.

Ол ішкі істер органдарындағы қызметтік жолын учаскелік полиция инспекторы болып бастап, Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік бақылау қызметі департаментінің ұйымдастыру-кадр жұмысы басқармасының бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ та табысты мансаптық жолдан өткен.

Шығыс Қазақстан облысының әртүрлі аудандарында ішкі істер бөлімінің бастығы және орынбасары лауазымдарын қоса алғанда, бірқатар негізгі лауазымдарды атқарған. Кадр жұмысы басқармаларында, сондай-ақ аймақтық және республикалық деңгейде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімдерін басқарған.

Мерейтой иесін құттықтай отырып, ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков, Майдан Дүйсембаевтың қызметке 30 жылдан астам уақытын арнап, лейтенанттан полковник шеніне дейін жеткенін атап өтті.

Сонымен қатар еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен азаматтардың құқықтарын қорғауда қосқан көпжылдық, баға жетпес еңбегі үшін ардагерге «Еңбек ардагері» медалі табысталды.

Өз кезегінде Майдан Дүйсембаев туған күнінде ерекше көңіл бөліп құттықтағаны үшін алғысын білдіріп, қазіргі әріптестеріне: «кәсіби дағдыларын жетілдіру жолында үздіксіз дами беріңіздер», – деп ізгі тілегін жеткізді.

Іс-шара соңында департамент бастығы өз өмірлерін қоғамға қызмет етуге арнаған ардагерлерді осындай форматта құттықтау ведомствоның қызметтегі сабақтастық пен құрметті көрсететін көпжылдық дәстүрі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру