ШҚО полицейлері мал ұрлығын "ізін суытпай" ашты
ШҚО полицейлері мал ұрлығын "ізін суытпай" ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тарбағатай ауданында полицейлер ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлау фактісін дер кезінде әшкереледі.
Полицияның кезекші бөліміне бес бас ірі қараның жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Әр бас малдың құны шамамен 300 мың теңгені құрап, жалпы шығын 1,5 млн теңгеге жеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті қысқа мерзімде анықталып, өз кінәсін мойындады. Ұрланған мал табылып, иесіне толықтай қайтарылды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ШҚО полиция департаменті мал ұрлығы ауылдық елді мекендерде әлі де өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті.
Полицейлер профилактикалық жұмысты күшейтіп, тұрғындарды мүліктің сақталуына мұқият қарауға, сондай-ақ малдың жоғалғаны туралы бірден 102 нөміріне хабар беруге шақырады.
