Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері шайбалы хоккей турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

ШҚО полицейлері шайбалы хоккей турнирінің екі дүркін чемпионы атанды, -  деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына арналған ішкі істер органдары бөліністері арасындағы шайбалы хоккейдің турнирі өз мәресіне жетті.

Бұл спорттық іс-шараны екі маңызды күнге – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толуына арнады.

Төрт күн бойы еліміздің жеті өңірінен келген полиция қызметкерлері мұз айдынында бақ сынасты. Жарыс тартысты өтіп, жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Турнир қорытындысы бойынша финалға төрт үздік команда шықты: "ҚР ІІМ МКҚБ", "Титан" (ШҚО), "Достар" (СҚО) және "Astana police" (Астана қ.).

Шешуші ойында мұз иелері – Шығыс Қазақстан полицейлерінің "Титан" командасы жеңіске жетіп, Ішкі істер министрінің кубогын қатарынан екінші рет иеленді.

Күміс жүлдені Солтүстік Қазақстан облысының "Достар" командасы жеңіп алса, қола жүлде елордалық "Astana police" хоккейшілеріне бұйырды.

Жеңімпаздарды Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков марапаттады. Ол спортшыларды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан құттықтап, жеңімпаздарға Кубоктарды табыстап, турнирге қатысушыларға жоғары дайындық деңгейі мен жеңіске деген жігері үшін алғысын білдірді:

— Бұл турнирдегі әрбір ойын – жай ғана спорт емес, бұл – тәртіптің, командамен жұмыс істеудің және ерік жігердің көрінісі. Бұл нағыз полицейге тән қасиеттер. Спорт та, қызмет те – қадам-қадаммен алға жылжуды талап етеді. Мұндай іс-шаралар рухты нығайтып, ұжымдық бірлікті арттырып, мамандығымыздың ең жақсы қырларын сақтауға септігін тигізеді. Барша қатысушыларға жауынгерлік рух пен әдемі ойыны үшін алғысымды білдіремін, - деді ол.

Жекелей номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды:
"Үздік шабуылшы" – Георгий Обухов (ШҚО ПД),
"Үздік қорғаушы" – Марат Нажмиденов (ҚР ІІМ МКҚБ),
"Үздік қақпашы" – Жандос Жанлашев (Астана қ. ПД),
"Турнирдің үздік ойыншысы" – Алимхан Қожабеков (СҚО ПД).


Турнирге қатысушыларға ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов та жылы лебізін білдірді.

– Қазақ хоккейінің отанында осындай деңгейдегі турнирді екінші мәрте қабылдау – біз үшін үлкен мәртебе. Қызметтік спортты дамытуға қолдау көрсетіп отырған ІІМ басшылығына алғыс айтамын, – деді ол.

Полицейлердің айтуынша, Ішкі істер министрінің кубогына арналған турнир – құқық қорғау органдары қызметкерлерін біріктіретін жақсы дәстүрге айналды. Өйткені мұз айдынында да, өмірде де күш пен төзімділікпен қатар, жанындағы серіктеске сенім арту – басты құндылық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру