Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері «Tour de Oskemen – 2024» жарысының жеңімпаздары атанды

ШҚО полицейлері «Tour de Oskemen – 2024» жарысының жеңімпаздары атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

7-8 қыркүйек аралығында Өскеменде «Tour de Oskemen – 2024» ауқымды велошеруі өтті. Іс-шараға қатысуға ниет білдірген 18-ден 77 жасқа дейінгі аралықтағы облыс азаматтары мен қонақтарының арасында шығысқазақстандық полицейлер де болды.

Жарыс топтық және жеке түрде екі кезеңде өткізілді. Салтанатты ашылу рәсімі мен жарыстың алғашқы кезеңі Бобровка тасжолының 1-ші шақырымында басталды. Спортшылар «Нұртау» демалыс базасына дейін 25 шақырым жолды жүріп өтті. Екінші күні бір топ велошабандоз жол полициясының ескі бекетінен бастап, Северное және Ушаново ауылдары арқылы таулы аймақты бағындырып, Өскемендегі Республика алаңында мәреге жетті.

Жеңімпаздар екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша анықталды.

28-29 жас аралығы санатында ШҚО ПД тәртіп сақшылары ерекше көзге түсті. Полиция қызметкерлері жеңістің барлық тұғырынан көрінді. Аталған жас санаты бойынша тәртіп сақшысы Мерген Жұмаханов чемпион атанды. Екінші орынды Ернар Серғазы иеленсе, қола жүлдені Санат Ахметбай қанжығасына байлады.

30-39 жас санатында  Шалқар Белдеубаев мәре сызығын үшінші болып кесті. Сондай-ақ 40-49 жас санатында Бауыржан Райымбеков қола жүлдені жеңіп алды.

Полиция қызметкерлері іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және спортшылар мен әуесқойлардың дене дайындығын сақтау үшін мұндай жарыстардың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

– Жарыстың лайықты деңгейде өтуі қатты қуантты. Осы екі күн бәсекелестік рухын беретін нағыз спорт мерекесіне айналды. Мықты қарсыластарды жеңу мен үшін елеулі жетістік, – дейді Мерген Жұмаханов.

Тәртіп сақшысының өзі 11 жасынан бастап велоспортпен айналысқан, бірнеше рет түрлі халықаралық және қазақстандық жарыстарға қатысқан спорт шебері.

Веложарысқа қатысушылардың барлығына естелік медальдар, жас санаттары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру