Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полиция департаментінде әйелдер күніне орай марапаттар табысталды

ШҚО полиция департаментінде әйелдер күніне орай марапаттар табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде ерекше мерекелік көңіл-күй мен сый-құрмет лебі есті. Салтанатты шара бірнеше ұрпақ өкілдерінің басын қосты: ішкі істер органдарының ардагерлері, қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары, сондай-ақ бүгінде ер азаматтармен бір сапта ел тыныштығын күзетіп жүрген арулар қатысты.

Мерекенің шымылдығын ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков ашты.

— Қадірлі арулар, ардақты әріптестер! Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін осынау мейірім төгілген жүздерге қарап тұрып, толқымау мүмкін емес. Сіздер — біздің мақтанышымыз. Сіздер — бізді ерлікке жігерлендіретін, сонымен қатар батылдықтың биік үлгісін көрсетіп жүрген жандарсыздар. Әйел заты өз кәсібилігімен және мейірімімен ұжымға шуақ шашатын осындай ортада қызмет ету — мен үшін үлкен мәртебе, — деді ПД бастығы.

Бүгінде Шығыс Қазақстан полициясындағы әйелдер қауымы ешбір қиындықтан тайсалмайтынын іспен дәлелдеп келеді. Оның жарқын мысалы — бес баланы иіс тиюден аман алып қалған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Әсел Тукушева. Көрсеткен ерлігі үшін ол Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградамен марапатталды.

Мінсіз қызметі үшін үш қызметкерге кезекті арнайы шендері берілсе, бірқатар офицер "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медальдарымен және І дәрежелі "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгілерімен марапатталды.

Сондай-ақ, адал еңбегі үшін аруларға Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің және Департамент бастығының атынан құрмет грамоталары мен алғысхаттар табыс етілді. Кештің соңы әсем ән мен күйге ұласты.

"Жас сақшы" полиция сыныбы оқушыларының өнері көпшіліктің жүрегін тебірентті. Әсіресе, "Ана" әні шырқалғанда, залдағы көрермендердің көзіне жас ұялап, қимас сезім орнады. Бұл кеш — аруларға деген шексіз алғыс пен ілтипаттың көрінісі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру