ШҚО полиция департаментінде жедел кеңес өтті
ШҚО полиция департаментінде жедел кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшылығының, басқармалар мен бөлімдер басшыларының қатысуымен, сондай-ақ аудандық полиция бөлімдерінің басшыларымен бейнеконференцбайланыс арқылы жедел кеңес өтті.
Күн тәртібінде ҚР ӘҚБтК-нің талаптарының сақталуы, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, арнайы мекемелердің жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ қылмыстық істерді тергеудің жай-күйі сынды тақырыптар қаралды. Жергілікті полиция қызметінің жауынгерлік бөлімшелерінің қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел іс-шараларының нәтижелері туралы ШҚО ПД ЖПҚБ, ӘПБ және АБ мен аумақтық полиция бөлімшелерінің бастықтары баяндама жасады.
Отырыс қорытындысы бойынша ұйымдастырушылық және практикалық жұмыстың нәтижелерін жақсарту мақсатында қажетті шаралар қабылданды. Жол-көлік оқиғаларының себептері мен жағдайларын анықтауға, олардың алдын алудың нақты шараларын әзірлеуге ерекше назар аударылды.
ЖКО алдын алудың жаңа әдістерін енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеу, EРАП деректер базасына мониторинг жүргізу, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің сақталуын бақылаудың жаңа нысандарын енгізу жоспарлануда.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша әрекет ету тәртібін қайта қарауға ерекше назар аударылды. Зардап шеккендерге және басқаларға қауіп төндіретін құқық бұзушыларды оқшаулау бастамасы негізге алынды. Шешімдердің негізділігін міндетті түрде алдын ала зерделей отырып, қылмыстық істерді тоқтату кезінде қылмыстық іс жүргізу кодексі нормаларының дұрыс қолданылуын бақылау күшейтілді.
— Әр басшы қызмет көрсетілетін аумақтағы жедел ден қойылуы қажет жағдайды білетіндей, ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды да жетік білуі тиіс. Барлық жеке құрам ұжымы біртұтас кәсіби үйлесімде болуы керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздік деңгейін бақылау барлығымызға байланысты, – деп атап өтті ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков.
Отырыс нәтижесін қорытындылаған Е.Омарбеков жеке құрамның өңірдегі қауіпсіздік пен тәртіп деңгейін арттыруға бағытталған қызметін әрі қарай жетілдіру бойынша нақты міндеттерін атап өтті.