ШҚО Полиция департаментінің қызметкері әлем чемпионы атанды
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкері әлем чемпионы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 11-13 қарашасы аралығында Ресей Федерациясы Мәскеу қаласында ерлер мен әйелдер арасында қоян-қолтық ұрысынан өткен Әлем чемпионатында топ жарып, еліміздің көк байрағын желбіреткен ШҚО Полиция департаментінің қызметкері Айбек Саметаев чемпион атанды.
Халықаралық дүбірлі додада ұлттың намысын ту еткен чемпионды туыс-туған, жақындары, достары мен әріптестері әуежайдан күтіп алды.
Чемпионатқа әлемнің 31 мемлекетінен іріктелген 250 спортшы қатысқан.
Жылдар бойы еңбектенген Айбек 85 келі салмақ дәрежесінде қоян-қолтық ұрысы бойынша спарингке шығып, кәсіби шеберлігінің нәтижесінде өз салмағында чемпион атанып, әлемдік деңгейдегі өткен спорттық додада әнұранымызды әуелетті.
Айбек Саметаев 1986 жылы 20 тамызда ШҚО Аягөз қаласында дүниеге келген. Жастайынан спортқа жақын, Евразия чемпионатының жеңімпазы, әскери самбо күресінен Әлем кубогінің финалисі және Азия чемпионатының жүлдегері, қоян-қолтық ұрысынан Азия чемпионатының жүлдегері және Әлем чемпионаты кубогінің жүлдегері атанған.
– Жарыс өтеді дегеннен бастап барлығымыз уайымдаймыз, ұйықтамаймыз. Бала-шағамызбен Айбектің жеңіске жетуін тілеп, тақым қысып отырдық. Аллаға мың да бір шүкір осындай күнге жетіп жатқанымызға, – деді жұбайы Камшат Саметаева.