ШҚО тасжолдарының біріне жарқылдауық маяктар орнатылды
ШҚО тасжолдарының біріне жарқылдауық маяктар орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облыстық ПД жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Тәртіп сақшылары облыстың қала сыртындағы автожолдарының апатты-қауіпті учаскелерін ерекше назарға алады.
Бұл жолы ШҚО ПД бастамасы бойынша ШҚО «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚОФ-мен бірлесіп Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары республикалық маңызы бар автожолдың 4 учаскесіне күн батареялары мен аккумуляторлар арқылы жұмыс істейтін қызыл-көк түсті гаммадағы жарқылдауық маяктар орнатылды.
Жарқылдауық маяктар жүргізушілерді авариялық қауіпті учаскелерді, ЖКО жиі болатын жерлер туралы қосымша ескертуге және жол жағдайын көруді жақсартуға арналған. Түнде қауіпсіздікті арттыру үшін әсіресе өшіп-жанатын маяктар қажет. Айта кету керек, құрылғылар автомобиль жолында көліктің болуына байланысты емес, тұрақты режимде жұмыс істейді.
Әкімшілік полиция «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына Самар ауылы, Семей қаласы, Риддер қаласы бағыттары бойынша ұқсас жарқылдауық маяктарды қолдануға бастамашылық жасады.