Шығыс Қазақстан облысында 14 мыңға жуық азаматтық атыс қаруының иесі тіркелген
Шығыс Қазақстан облысында 14 мыңға жуық азаматтық атыс қаруының иесі тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының аумағында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Шара қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, атыс қаруын, травматикалық қаруды заңсыз айналымнан алу, ұрланған және жоғалған қаруды іздестіру, сондай-ақ қару иелерін олардың заңнама талаптарын сақтауын тексеру мақсатында жүргізілуде.
Бүгінгі таңда жүргізілген жедел алдын алу іс-шараларының қорытындысы бойынша барлығы 103 бірлік қару заңсыз айналымнан алынды.
Шығыс Қазақстан облысында 13 676 азаматтық атыс қаруының иесі тіркелген, іс-шара аясында тәртіп сақшылары қару айналымы саласындағы 333 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін – 90, сақтау ережелерін бұзғаны үшін -160, тіркеу ережелерін бұзғаны үшін – 83.
Бұдан басқа, ҚР ҚК 287-бабы (Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) фактісі бойынша 32 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.