Шығыс Қазақстан жастары – есірткіге қарсы күрестің алдыңғы шебінде
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттер мен полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен «Студенттер есірткіге қарсы» тақырыбында мағыналы кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – есірткіге тәуелділік мәселесін ашық талқылау, қоғамда теріс көзқарас қалыптастыру және есірткіге қарсы насихат жұмыстарына белсенді атсалысқан жастарды марапаттау болды.
ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов өзінің құттықтау сөзінде есірткіге қарсы күрестегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығын ерекше атап өтті.
— Полиция әрқашан есірткіге қарсы күрестің алдыңғы шебінде. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бұл қауіпті індеттің таралуына тосқауыл қою, — деді ол.
Іс-шараның арнайы қонағы – есірткіге қарсы «Есірткіге жол жоқ» жобасының елшісі, ескек есу спортынан спорт шебері Екатерина Смирнова жастарды есірткі қылмысын насихаттайтын граффитилер мен заңсыз есірткі айналымының кез келген көрінісімен батыл күресуге шақырды.
Кездесу барысында Серік Манапов ШҚО полиция департаменті бастығы Ерлан Омарбековтің атынан белсенді еріктілер мен жастар ұйымдарына алғысхаттар табыстады.
Сонымен қатар студенттерге есірткіге қарсы бағытталған әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп, кездесудің шығармашылық рухын заманауи билермен өрбіткен финалдық бөлім қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Полиция департаменті барлық азаматтарды есірткіге қарсы бастамаларды белсенді қолдауға және бұл қатерлі мәселені түбегейлі жою үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырады.