Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шығысқазақстандық қолөнер шебері полиция департаментіне домбыра сыйлады

Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың рухы, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасырлық серігі. Домбыра күні ШҚО ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы Аяулым Кәрімова үшін ерекше мереке саналады. Оның себебін Polisia.kz сайтынан редакциясы анықтаған еді.

Аяулымның әкесі өмірінің 30 жылдан астам уақытын домбыра қолөнеріне арнаған.

Жалпы қазақ халқы қашан да салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жетік біліп, өз орнымен ұстанған халық. Музыка әлемінің атам заманнан келе жатқан көне аспабы – киелі қара домбыра да осы салт-дәстүріміздің бір бөлігі десек артық айтпаған болар едік.

2018 жылдың 12 маусымында қабылданған қаулы бойынша шілде айының бірінші жексенбісі – арнайы домбыра күні болып бекітілген болатын.  

Аталған мерекеге орай, халқының салтын қадірлеген, ұлттық дәстүрді берік ұстанған, көпке үлгі-өнеге, екі баланың әкесі болып отырған ізгі жан – Бауыржан Кәрімов жайлы сыр шертпекпіз.

Кейіпкеріміз 1966 жылы ШҚО Тарбағатай ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Өскемен қаласындағы Педучилищеге оқуға түсіп, оны 1985 жылы еңбек-сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 1987-1996 жылдары ШҚО Тарбағатай ауданы, Жамбыл ауылының Жамбыл атындағы мектебінде еңбек-сызу пәні мұғалімі болып қызмет атқарған. 1997 жылдан қазіргі  уақытқа дейін Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатында еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Өнерлі азамат дәстүрлі аспаптар – домбыра, қобызбен қатар гитара, сандық, ертоқым және тағы да басқа тұрмысқа қажетті жиһаздарды өз қолымен жасап, қолөнерді 35 жылдан астам уақыт дамытып келеді. Балаларға бар білгенін үйретіп, ұстаздық етуден жалықпаған ағамыз мектеп оқушыларына сабақ барысында шебер қолдар үйірмесінде домбыра жасауды үйретеді.

Өз ісінің маманы, шебер Бауыржан ағамыздың қолынан шыққан домбыраларды еліміздің мектептері, музыкалық білім мекемелері, сондай-ақ Түркия, Ресей, АҚШ сияқты мемлекеттерден сатып алған. Тіпті 2009-2014 жылдар аралығында Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған Бердібек Сапарбаев өзіне арнап бір домбыра сатып алған. Қазіргі кезде ол қалалық мұражайда естелік ретінде сақталып тұр.

– Ең алғаш домбырада ойнауды маған жұбайым үйретті. Бұрын тек гитарада ойнап жүргенмін. Кейіннен домбыраға деген қызығушылығым оянып, оны зерттей бастадым. Ал негізі домбыра жасау шеберлік өнері нағашыларымнан дарыған. Ешқандай ұстазым, тәлімгерім болған жоқ. Өзім шын ниетіммен білгім келіп, үйрендім. Қазір санасам, осы уақытқа дейін 1700 дана домбыра жасап шығарыппын. Бірақ қандай да бір әлеуметтік желіге салып, бизнес жасаған емеспін. Өйткені бұл жүрегіммен қалап меңгерген ісім болғандықтан, тек сұраныс болса ғана тапсырыс аламын. Көбінде бұрыннан айналысатынымды білетін мектеп мұғалімдері тапсырыс береді. Арнайылап өзіміздің қалалық ақын Абаш Кәкеновке домбыра жасағанмын. Ең бір ерекше тапсырыс маған шетелден, яғни Германиядан түсті. Эрика есімді бойжеткен мені іздеп тауып, тапсырыс беріп, өзі арнайы келіп алып кетті, – дейді ол.

Он саусағынан өнер тамған шебер кейіпкеріміз тек қана домбыра қолөнерімен шектелмеген, оған қоса аңшылық өнерін де меңгерген.

Ұлттық нақыштағы ертұрмандарды, ат әбзелдерін сұраныс бойынша жасап, әрі ұлтымыздың құндылығы – тазыларды қолда ұстап, жүйрік ат жаратып, бәйгеде жарыстырған.

Бауыржан Кәрімов аяулы жары Күлбанумен екі бала тәрбиелеп отыр. Ұлы Азамат жеке кәсіпті дамытуға үлес қосса, қызы Аяулым ШҚО полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасында қызмет етеді. Атадан балаға дарығандай, бұл отбасыда барлығы өнерден құр алақан емес.

Мереке қарсаңында ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков қолөнерді дәріптеген шебер – Бауыржан Кәрімовты арнайы құттықтап қайтты.

Сіздей жандардың болғаны өскелең ұрпаққа өте жақсы тәрбие, үлгі-өнеге. Жастарымыз ұлттық құндылыққа баса назар аударып, қолөнерді меңгеріп жатқаны ең алдымен сіздің арқаңыз. Мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын және өнеріңізге сәттілік тілеймін, шеберлігіңіз шыңдала берсін, – деді  облыстың бас полицейі.

Өз кезегінде шебер ШҚО ПД бастығына естелік ретінде өз қолымен жасаған домбыраны тарту етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру