Шымкент полицейі индонезиялық азаматтарға көмек көрсетті
Шымкент полицейі индонезиялық азаматтарға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Индонезиядан Қазақстанға алғаш келген туристер шырайлы Шымкент қаласына тоқтаған.
Ұялы телефондарын өңірлік байланыс операторларына тіркей алмаған шетелдіктер полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді. Ruth, Robeto, Justin есімді азаматтарға туристік полиция инспекторы Алимсеитов Адилхан қызмет көрсетті.
Тәртіп сақшысы қонақтардың смартфонын өңірлік байланыс операторларына тіркеп, интернет желісін қосып, карта, такси құрылғыларын түсіндіріп, ақша айырбастау орнына бірге барып, заңдылықты қадағалап, қонақ үйге орналасуларына көмектесті.
Мегаполис полицейінің сауаттылығы мен ыстық ілтипатына риза болған туристер шынайы алғысын білдірді.