Шымкент полицейлері дүкеннен аяқ киім ұрлаған тұрғынды «ізін суытпай» ұстады
Шымкент полицейлері дүкеннен аяқ киім ұрлаған тұрғынды «ізін суытпай» 25 минутта ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өзінің аяқ киім сататын дүкеніне күндізгі сағат 15:00 шамасында белгісіз біреу кіріп, бір жұп аяқ-киім ұрлап кеткенін айтқан. Яғни, күндізгі уақытта зат алу мақсатындағы кейіппен дүкенге кірген азамат жан-жағында адамдардың жоқтығын пайдаланып, аяқ киімді қолды еткен.
Хабарды алған Әл-Фараби АПБ учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына жедел жетті. Дүкен ішін мұқият қарап шығып, бейнебақылау камераларын жіті тексерді. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуі нәтижесінде, аяқ киім ұрлаған күдіктіні «ізін суытпай» 25 минут ішінде қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді.
Қазіргі кезде аталған жайт ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.