Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент полицейлері Қарағанды академиясы курсантының балалар үйіндегі 4 қарындасын мектепке дайындады

1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Қаратау АПБ-ның қызметкерлері №4 балалар үйіне арнайы барып, үздік оқушыларға сый-сияпаттар табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл жолы тәртіп сақшылары өздерінің болашақ әріптесі Речинский Александрдің 4 бірдей қарындасына оқу құралдары мен керек-жарақтарын апарып, мектепке дайындықтарын пысықтады. Бауырлар өнерде де, білімде де, спортта да өз қатарластарынан оқ бойы озық жүретінімен ерекшеленеді.

Александр биыл ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 3 курс курсанты атанды. Оның соңынан ерген Владлена, Ангелина, София, Ольга есімді қарлығаштары бар. Қыздардың үлкені – 16 жаста, кейінгі егіз қыздар – 13 жаста, ал кенжесі – 8 жаста.

Жас жігіт оқуын аяқтаған соң туған өлкесіне оралып, Шымкент қаласы полиция департаментіне жұмысқа орналасуды мақсат еткен. Содан кейін, балалар үйіндегі қарындастарын өз қамқорлығына алуды армандайды.

Бұдан бөлек, балалар үйінің ең кішкентай тәрбиеленушісі Мансұр есімді жігіт те полицейлердің назарынан тыс қалмады. Ол күні кеше 5 жасқа толып, үлкен ер жігіт атанды. Бүлдіршіндер погонды ағаларына шынайы алғысын білдірді.

– Бізге алтын уақыттарыңызды бөліп, келгендеріңіз үшін рақмет. Сыйлықтарыңыз үшін де алғысымыз шексіз. Алдағы оқу жылын үздік аяқтап, сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамыз. Сондай-ақ біз мектепке барсақ та, ойын-сауық орталықтарына шықсақ та үнемі бізге жол көрсетіп, бірге алып жүретін қамқорлықтарыңыз үшін рақмет, – деді егіздердің сыңары Ангелина.

Ал мегаполис сақшылары балалардың көзіндегі қуанышты көру үшін қолдан келгенін аянбайтынын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру