Шымкент полицейлері студенттерге зорлық-зомбылыққа жол бермеу бойынша дәріс оқыды
Шымкент полицейлері студенттерге зорлық-зомбылыққа жол бермеу бойынша дәріс оқыды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізуге тапсырма берген болатын.
Осыған байланысты Шымкент қаласы ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтау қорғау тобының инспекторлары профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Тәртіп сақшылары білім ордаларындағы бойжеткендерден бастап, базардағы қарапайым саудагер келіншектерге дейін құқықтық кеңес беріп, профилактикалық әңгімелесулер жүргізіп жатыр.
Полиция қызметкері Жаңыл Спанова М.Өтебаев атындағы жаңа технологиялар колледжінің нәзік жандыларына зорлық-зомбылыққа жол бермеу және оның алдын алу шаралары туралы баяндама оқып, арнайы әзірленген жадынамалар таратты.
Сондай-ақ қыздарға өзінің құнын жоғалтпауға, терең білім алуға, дамуға және өмірлік жолдас таңдауда қателеспеуге кеңес берді. Бұған қоса, азаматшаларды айналада орын алып жатқан құқық-бұзушылықтарға бей-жәй қарамауға, зорлық-зомбылықтың куәсі немесе құрбаны болған жағдайда бірден «102» арнасына хабарласуға шақырды.
Жиын соңында білімгерлер өздерін мазалаған сауалдарды қойып, салмақты жауап алды.