Шымкент полицейлері тұрғынның скутерін ұрлаған күдіктілерді анықтады
Шымкентте полицейлер тұрғынға ұрланған екі дөңгелекті көлігін қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрлықты ашуға бейнебақылаудың көмегі болды. Түнде ауладан бөтеннің скутерін алып кетіп бара жатқан үш ер адам камераға түсіп қалған. Екі дөңгелекті көлігінің жоғалғанын таңертең ғана байқаған тұрғын бірден полицияға жүгінген.
Әл-Фараби АПБ-ның жедел уәкілдері бейнекамералардан алынған жазбаларды зерттеп, тез арада іздестіру жұмысына кірісті. Қаскүнемдер жарты күннің ішінде ұсталды. Олар ұрланған скутерді жақын маңдағы ауласына апарып қойғаны белгілі болды. Анықталғандай, күдікті азамат көршісінің мотокөлігін бұрыннан көздеп жүрген екен.
Тәртіп сақшылары скутерді заңды иесіне қайтарды. Қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне жедел жұмысы үшін алғыс білдірді.