Шымкент полициясы 30 мыңнан астам адамның қатысуымен ауқымды іс-шара өткізді
Шымкентте полиция департаментінің бастамасымен, қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен соңғы кездері қоғамда белең алып бара жатқан интернет-алаяқтық және есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған маңызы зор жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Онлайн конференцияға Шымкент қалалық ПД бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Абзал Алибаев және қалалық білім басқармасының бастығы Жанат Тәжиева қатысты.
Сондай-ақ білім басқармасына қарасты 361 мекемеден 30 мыңнан астам қызметкер қашықтықтан қосылып, баяндамашылардың ақпаратын тыңдады.
Арман Бейсенбаев ұстаздар қауымына алаяқтардың кең тараған айла-тәсілдері мен құйтырқы іс-әрекеттері туралы ескертті. Сәйкесінше, қарапайым сақтық шараларына нақты тоқталып, бірқатар салмақты мысалдар келтірді.
Ал есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жастар арасындағы есірткі дертінің қаупі туралы сөз қозғады. Бұл қылмыс санының артуына да интернет себеп екенін ашып айтты. Мұғалімдерге жасөспірімдер арасында профилактикалық дәрістер мен кездесулерді жиі өткізіп отыруды ұсынды. Бір сағатқа жалғасқан шара соңында, қатысушылар тәртіп сақшыларына өздерін мазалаған сауалдарын қойып, толыққанды әрі мардымды жауап алды.