Шымкент полициясы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды
Шымкент полициясы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер ұйымдастырған жиынға 800-ден астам студент қатысты. Маңызы мол кездесу Жастар ресурстық орталығында өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткімен байланысты қылмыстар үшін заңмен қарастырылған жауапкершілікті түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау.
Кездесу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жиналғандарға толыққанды ақпараттар беріп, жаман әдеттерден аулақ болуға, бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды. Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы бейнероликтер және кинологиялық қызмет орталығының қызметтік іздестіру иттерінің мүмкіндіктері көрсетілді.
Шара соңында жастар құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды.