Шымкент қалалық ПД-нің бастығы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті
Шымкент қалалық ПД-нің бастығы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов Абай АПБ-ның №1 учаскелік полиция пунктіне қарасты әкімшілік аумақтың тұрғындарымен арнайы кездесті.
Аталған іс-шараның мақсаты – халықтың полицияға деген сенімін арттыру, кері байланысты нығайту және учаскелік полиция инспекторларының жұмысын саралау.
Жүздесу аясында жергілікті тұрғындар өз учаскелік инспекторларының жұмысына қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Тұрғындар тәртіп сақшылары әкімшілік аумақты күнделікті аралап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізетінін алға тартты. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар полиция қызметкерлері тиісті аумақта тазалық және абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында ұдайы түрде халықпен бірге сенбілік өткізетінін жеткізді. Оған қоса, азаматтардың өтініштерін ескерусіз қалдырмағанын ерекше атап өтті.
Іс-шарада Шымкенттің бас полицейі Ералы Жумаханбетов учаскелік полиция инспекторларының да әкімшілік аумақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан жұмыстарын ден қойып тыңдап, қосымша тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ішкі істер министрлігіне «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жедел әрі сапалы қызмет атқару міндетін жүктеген болатын. Учаскелік инспектордың рөліне баса мән беріп, құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге шақырған. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында тұрғындардың полиция қызметіне қатысты мәселелерін бірлесіп, ақылдаса отырып шешу үшін азаматтарды жеке қабылдаумен қатар, учаскелік полиция пунктерінің әкімшілік аумақтарына арнайы барып, тұрғындармен осындай кездесулер ұйымдастырып келеміз, – деп атап өтті бас полицей.
Шара барысында тұрғындарға Шымкент қалалық ПД бастығының нұсқауымен WhatsApp желісінде құрылған «Жедел әрекет ету тобына» қосылып, жұмыла жұмыс жасау мақсатында байланыс нөмірлер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
Сөз соңында жиналған қауым полицейлердің ауқымды жоба-жұмыстарына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасында тәртіп сақшыларының ел тынышын қамтасыз ету мақсатында атқарған қызметтері үшін алғыстарын жаудырды.
Осы бағыттағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.