Шымкент қаласы ПД тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеуде
Шымкент қаласында орын алған жағдайға байланысты тәртіп бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Полиция департаментінің қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген күн тәртібінде қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін толығымен жұмылдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметін атқару барысында 45 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде екі қызметкер аурухананың жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта арнайы бақылаудағы палатаға ауыстырылды.
Алынған түрлі жарақаттарына қарамастан, бұл қызметкерлердің барлығы тұрғындардың тыныштығы үшін әріптестерінің қатарына қосылып, қызметтеріне қайта кірісіп отыр.
Дәрігердің бақылауында болуы тиіс тәртіп сақшылары аяқ-қолдарының ауыр жарақат алғанына қарамай, жаппай тәртіпсіздік орын алған қала әкімдігі ғимаратының алдына азаматтардың қауіпсіздігін күзету үшін қайта шығып, қазіргі уақытта ел алдындағы парызын орындауда.
Олардың бірі – патрульдік полиция полкінің взвод командирі Бауыржан Қасымов. Полиция аға лейтенантының оң қолына тас тиіп, сынған. Дәрігерлер оған еңбекке жарамсыздық парақшасын ашса да, полицей қызметтестерінің жанынан табылып, жұмысын атқаруда.
– 6 қаңтар күні бұзақылардың бірі маған қарай үлкен тас лақтырды. Қорғану мақсатында бетімді қолыммен жапқан кезде, тас қолыма тиіп, алақаным сынған. Жедел жәрдеммен емханаға жеткізіліп, онда қолыма гипс салды. Мен бірден қызметіме қайта оралдым. Бұл іс-әрекетімді ерлік деп санамаймын. Бұл – кез келген полицейдің міндеті. Қазақстан Республикасына қызмет етемін, – деді баяндауда Бауыржан.
Шымкент қаласы әкімдігінің алдына Полиция департаменті емханасының дәрігерлері де жұмылдырылды. Жарақат алған сақшылар дәл сол жерде алғашқы медициналық көмек алып, жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы жағдай қалыпты.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қала аумағы толығымен бақылауға алып, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде.