Шымкент тұрғынына оқ атқан ер адам 4 жылға сотталды
Шымкент тұрғынына оқ атқан ер адам 4 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотында жергілікті жердің 38 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Ол азаматтың денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Тергеу барысында аталған азамат жәбірленуші екеуі жер мәселесін өзара шеше алмағаннан кейін күдікті Макаров тапаншасын шығарып, қорқыту мақсатында жәбірленушінің аяқ тұсына қарай оқ атып, оқиға орнынан бой тасалағаны анықталған.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, өз әрекетіне өкінетінін жеткізді. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларын, жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, оның жеке басының деректерін ескере келе, азаматқа бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны қолдану қажет деп тауып, 4 жылға үкім кесті.