Шымкент жолдарын күтіп ұстауға жауапты 100-ден астам заңды тұлға жауапкершілікке тартылды
Шымкент жолдарын күтіп ұстауға жауапты 100-ден астам заңды тұлға жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мегаполисте жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері 2347 шақырым жолды зерделеді.
Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, тиісті орындарға 1100 нұсқама берілді. Сондай-ақ жолдарды күтіп ұстауға жауапты 105 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде 13 лауазымды азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 462, 630, 631, 632-баптарында көрсетілген талаптарды бұзғаны үшін хаттама толтырылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда шаһардағы магистралды жолдарда, яғни Дулати, Қазыбек би, Алматы тас жолы, Желтоқсан, Адырбеков, Тәуке хан даңғылы және 13 ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына көлік қозғалысына қатысу кезінде жол жүру қағидаларын қатаң сақтауды ескертеді.