Шымкентте 100-ге жуық заңсыз ауланған құсты сатумен айналысқан екі азамат ұсталды
Шымкентте 100-ге жуық заңсыз ауланған құсты сатумен айналысқан екі азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заң бұзушыларды табиғатты қорғау тобының инспекторлары жабық базарда сауда жасап тұрған жерінде ұстады.
Түркістаннан келген екі ер адам сатуға шығарған “тауарларын” арнайы торға қамап, өздеріне тиесілі көліктердің жүк салғышына жасырған. Олардың әрқайсысын 1000 теңгеге бағалаған.
Тәртіп сақшылары ол жерден заңсыз ауланған 96 құсты анықтап, ұшырып жіберді. Ал азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы және 204-бабы бойынша хаттама толтырды.
Айта кетейік, 9-11 желтоқсан аралығында жүргізілген рейд жұмыстары барысында заңсыз аңшылықпен айналысқан тағы 6 тұлға анықталып , азаматтық қару айналымының қағидаларын бұзғаны үшін 172 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.