Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте 27 ұландық білім гранттарын алды

Шымкентте орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында жоғары оқу орындарында тегін оқуға сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әскери қызмет барысында жауынгерлік дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен 1-2024 шақырылымының 27 сарбазы білім беру гранттарының иегерлері болды.

Конкурстық негізде іріктеуге Шымкент жедел бригадасының 300-ден астам әскери қызметшісі қатысты, алайда олардың тек үздіктері ғана осы мүмкіндікке ие болды.

- Біз әскери қызметшілеріміздің жеке және кәсіби өсуіне барлық жағдай жасауға тырысамыз. Білім беру гранттарын тапсыру — бұл біздің сарбаздарымызға жоғары білікті маман болуға және елдің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік беретін болашаққа салынған инвестиция, - деп атап өтті бригада командирінің орынбасары Багитжан Баламбаев.

Сертификат иеленгендердің бірі, қатардағы жауынгер Эльдар Түкбаев грант алу ол үшін маңызды кезең болғанын атап өтті.

Бұл мүмкіндік маған жоғары білім алу арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осындай қолдау мен сенім үшін ризамын, - деді ол.

Гранттар беру бастамасы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға кіретінін атап өткен жөн. Тапсырылған сертификаттар екі жыл бойы жарамды және ЖОО-ға төлемсіз түсуге құқық береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру