Шымкентте 455 автокөлік айыптұраққа қойылды
Шымкентте жыл басынан бері 455 автокөлік айыптұраққа қойылды,- деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.
Қаңтар айынан бастап, «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен Шымкентте 21 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 4, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 151, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 121 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.
Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 23, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 133, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 75, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 30 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 7, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 20 776 хаттама толтырылып, 455 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.
«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен 26 тәуліктің ішінде 276-дан астам жол қозғалысы ережесін бұзған 101 жүргізуші ұсталды.