Шымкентте алғаш рет «SOS» дабыл түймесі іске қосылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ІІМ-нің нұсқауымен Шымкентте полиция қызметін цифрландыру бойынша бірқатар жаңа қосымшалар қолданысқа енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның ішінде Шымкент қаласы Mega Planet ойын-сауық орталығының алдына алғаш рет жедел басқару орталығына қосылған «SOS» дабыл түймесі орнатылды. Мұндағы басты мақсат – мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін бұрынғыдан да нығайтып, кез келген жағдайда азаматтарға қолжетімді болу.
Қала аумағында орын алған құқық бұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болған азаматтар «SOS» түймесі арқылы полициямен шұғыл байланысуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, тұрғындар телефонының қуаты сөніп қалса, бағалы мүлкі мен құжаттарын жоғалтып алса немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда дабыл батырмасын басу арқылы полицияның көмегіне жүгінеді.
Орнатылған құрылғының ерекшелігі – тәртіп сақшылары шұғыл байланысқа шыққан адамның жай-күйі мен оның маңындағы ахуалды бейне-аудио байланыс арқылы толық бақылай алады. Сондай-ақ бейнебақылау инспекторлары көмекке арнайы автоэкипаж жолдап, жағдайды дер кезінде реттеуге мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта қалаға тағы 25 дабыл батырмасын іске қосу жоспарланып отыр.