Шымкентте аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сақтаған екеу ұсталды
Шымкентте аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сақтаған екеу құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі заттарын сақтаған екі жергілікті тұрғынды ұстады. Ұсталған 22 жастағы азаматтың сөмкесін тінту барысында жалпы 10 дана полиэтиленді пакетке оралған ұнтақ тәріздес есірткі заттары тәркіленіп алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі заты пирролидиновалерофенона екендігі анықталып, жалпы салмағы 16,6248 грамды құрады. Оның сыбайласы 21 жастағы тағы бір азаматтың Lada Priora автокөлігін қарау барысында жүк салғышынан полиэтиленді пакетке салынған ұнтақ тәріздес есірткіге ұқсас заты, оны бөлшектеуге арналған құралдар, үш таразы және сым қабықшалары тәркіленіп алынды.
Автокөліктен тәркіленген заттың пирролидиновалерофенона екендігі және жалпы салмағы 178,52 грамды құрағанын сараптама нәтижесі нақтылады. Бүгінде аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.