Шымкентте аса ірі мөлшерде есірткі өткізген азамат 11 жылға сотталды
Шымкенттің 27 жастағы тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі өткізгені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу күдігімен Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Ұсталғанның көлігін тексеру кезінде 2 грамм мефедрон, яғни аса ірі мөлшерде есірткі табылып, тәркіленді.
Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімі есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Шымкент қаласы сотының үкімімен ұсталған азамат 11 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің көлік полицейлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 197 есірткі құқық бұзушылығын анықтаған, оның ішінде 11 дерек өткізуге қатысты, 19-ы аса ірі мөлшерде сақтау фактісі болған. Заңсыз айналымнан 80 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.