Шымкентте дүкеннен киім-кешек ұрлаған әйел ұсталды
Шымкентте дүкеннен киім-кешек ұрлаған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасына 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, киім дүкенінен сатып алушы кейпінде келген белгісіз азаматша сатылымда тұрған киім-кешектерін жымқырып кеткен. Яғни, екі юбка, бір қол сөмке, бір пластмас құтысын қолды еткен. Келтірілген шығын көлемі 40 мың теңгені құраған.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тіркеп, жедел-іздестіру шараларына жұмылды. Арыз иесінен және көрген-білгендерден жауаптар алынды.
Дүкеннің аумағы жіті қаралып, бейнебақылау жүйелері мұқият тексерілді. Нәтижесінде, полицейлер ұрлық жасаған әйелді қала аумағынан қолға түсіріп, тиісті басқармаға жеткізді. Ол 37 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.