Шымкентте ер адам аулада тұрған скутерді ұрлап кетті
Шымкентте ер адам аулада тұрған скутерді ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, күндізгі сағат 09:00 шамасында белгісіз біреу үйінің ауласына кіріп, Racer скутерін қолды еткен. Келтірілген шығын көлемі – 315 мың теңге.
Хабарды алған Әл-Фараби АПБ Анықтау бөлімінің анықтаушылары жедел әрекет етіп, ұрлық жайты болған орынға бағыт алды. Арызданушы азаматтан, басқа да көрген-білгендерден жауап алынды. Сондай-ақ, жақын үйлерде орнатылған бейнебақылау камералары жіті тексерілді.
Нәтижесінде, анықтаушылар скутер ұрлаған азаматты тұрғылықты мекенжайынан анықтап, басқармаға жеткізді. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты зат ретінде алынған скутер заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда азаматқа қатысты ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.