Шымкентте ер адам өз әйелінің ақшасын ұрлап кеткен
Шымкентте ер адам азаматтық некедегі әйелінің ақшасын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 28 жастағы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында кешкі уақытта жұмыстан үйіне келген кезінде өзінің азаматтық некедегі күйеуі жинап жүрген 300 мың теңге қаржысын жасырын түрде ұрлап кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 300 мың теңгені құрап отыр.⠀
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Түркістан облысы, Түлкібас ауданының 31 жастағы тұрғыны болып шықты.⠀
Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсын толықтай мойындады. Заңсыз әрекетке баруына екеуара бас араздығы себеп болғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді. Қазіргі кезде айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.