Шымкентте есірткі таратқан екі күдікті ұсталды
Күдіктілерді полиция "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыруға бағытталған арнайы іс-шаралар барысында ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Синтетикалық есірткі таратумен айналысқан 28 және 31 жастағы әйелдер қала аумағында есірткі орамаларын жасырып, орындардың координаттарымен мессенджерде бөлісіп отырған. Қылмыстық әрекетін жүзеге асыру үшін олар жалға пәтер алып, онда есірткі заттарын дозаларға бөліп ораумен айналысқан.
Ұсталғандардан жалпы салмағы 90 грамды құрайтын мефедрон салынған 60 орама тәркіленді.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізгені үшін олар ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.