Шымкентте киберполицейлер тұрғындарға ашық семинар өткізді
Шымкентте киберполицейлер тұрғындарға ашық семинар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкенттегі ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Сақ бол, интернет-алаяқтық!" тақырыбында профилактикалық ашық семинар өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың цифрлық сауатын арттыруға және киберқылмыстардың алдын алуға бағытталған.
Семинар барысында азаматтарға интернет-алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрлері, жеке деректер мен қаржылық ақпаратты қорғау жолдары, сондай-ақ интернет кеңістігінде заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда атқарылатын іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.
Ашық диалог форматында өткен іс-шараға шамамен 1000-ға жуық адам қатысты. Қатысушыларға интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді және мобильді қосымшаларды қауіпсіз пайдалану бойынша нақты практикалық кеңестер берілді.
Полиция тұрғындарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жеке деректер мен банк карталарының реквизиттерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Интернет-алаяқтық белгілері анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажеттігін ескертеді.
