Шымкентте көлік терезесін күңгірттеген 20 мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды
Шымкентте көлік терезесін күңгірттеген 20 мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жол үстіндегі құқық бұзушылықтарды болдырмау және оны дер кезінде анықтау мақсатында мегаполис жолдарында үздіксіз рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері көлік терезесін күңгірттеген 19 629 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Дер кезінде автокөлік иелерімен әйнектегі күңгірттеу қағазын алып тастау жұмыстары жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге терезенің жарық өткізу талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.