Шымкентте мас халде көлік басқарған 5 жүргізуші жауапқа тартылды
Шымкентте мас халде көлік басқарған 5 жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің ЖПҚҚБ Патрульдік полиция полкінің инспекторлары күнделікті қызмет атқару барысында Т.Рысқұлов көшесінің бойында сағат 15.00 шамасында жол ережесін бұзып келе жатқан ВАЗ маркалы автокөлікті байқап, тоқтатқан. Оны тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйіне күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындаған.
Сараптама қорытындысы бойынша, жүргізушінің мас халде екені анықталған. Сонымен қатар тәртіп сақшылары кешкі сағат 20:00 шамасында Toyota маркалы автокөлікті тоқтатқан. Оның да мас халде болуына күдіктеніп, сараптама тағайындаған. Қорытындысына сәйкес, жүргізушінің мас халде екені расталған. Қызмет барысында жол ережелерін өрескел бұзып, мас халде көлік басқарып келе жатқан тағы үш жүргізуші анықталған.
Осылайша, 21 қазанда жол үстінде спирттік ішімдік ішіп, мас халде көлік басқарған бес жүргізуші анықталған. Полиция қызметкерлері аталған жайттарды ӘҚБтК 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеген. Түсіндірме жұмыстары жүргізілген.