Шымкентте мектеп оқушылары қауіпсіздік сабағына қатысты
Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлері қаладағы М.Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп гимназиясына барып, балаларға «Бала – басты жолаушы» атты қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары Ернар Қошанов жол ережелерін оқушыларға қызықты форматта ұсынды. Нақты мысалдар келтіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оқушылар да өз сұрақтарып қойып, тақырыпты тарқата түсті.
Электронды темекі туралы қазір жасөспірімдердің барлығы біледі. Оны татуға құмарлар да бар. Оқушылардың жаман әдеттен аулақ болуы үшін ювеналды полиция қызметкерлері электронды темекінің залалын түсіндірді. Балалар да бұл тақырыпқа қатысты ойларын ашық жеткізе білді.
Жай ғана дәріс емес, жай ғана түсіндіру жұмысы емес, оқушылардың қызығушылығын оятып, ерекше сипатта, басқаша форматта өткізілген сабақ болды. Кездесуде арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.Одан кейін білім ордасы алдындағы жаяу жүргіншілер жолағында тәртіп сақшылары оқушылармен бірге жол ережелерін тағы бір пысықтады.
– Жолдағы апаттылықтың алдын алу, жол жүрісі қағидаларын түсіндіру – ол біздегі негізгі жоспарлы жұмыстың бірі. Бұл алдағы уақытта да жалғаса береді. Себебі балалардың қауіпсіздігі – біздің болашағымыздың қауіпсіздігі, – деді ювеналды полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Рахымжан Ирисбеков.