Шымкентте модульдік полиция пункттері қарқынды жұмыс жасауда
Шымкентте модульдік полиция пункттері қарқынды жұмыс жасауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – басым бағыттардың бірі. Бұған сай, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр.
Осы тапсырмаға сәйкес, Шымкент қаласында полицияның заманауи пункттері қызметіне кірісіп, халықтың игілігі үшін қолданысқа берілген. Бұл бекеттерге қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын, аумақты патрульдейтін полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді. Яғни, тұрғындар кез келген уақытта сақшылардың көмегіне жүгіне алады.
Солардың бірі – Әл-Фараби АПБ-на қарасты №23 модульдік полиция пункті. Онда тәртіп сақшыларының халықпен тығыз жұмыс істеуіне жағдай жасалып, тұрғындар көп жүретін қала орталығына қажет қондырғылармен жабдықталған.
Модульдік арнайы жарақтанған пункттер арқылы қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне заң талаптарының бұзылуы жайлы арыз-шағым жазумен бірге, өтініштеріне сәйкес түрлі қажетті заң кеңестерін де алып жүр. Модульдік полиция пункттерінің құрамында учаскелік полицейлер, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инспекторлар және полицияның жедел уәкілдері бар.
Сондай-ақ, полицияның сервистік моделінің негізін сипаттауға болатын негізгі қағидат, ол – «Полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция». Елімізде полицияның ұлттық моделі қалыптасуда. Полиция азаматтардың проблемаларын шешетін және көмектесетін қызмет болғандықтан, модульдік полиция пунктері құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.