Шымкентте моншаға ұрлыққа түскен жігіт ұсталды
Шымкентте моншаға ұрлыққа түскен жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданының полицейлері күдіктіні ізін суытпай құрықтады. Ер азамат ғимарат орналасқан аумаққа артқы есік арқылы барып, әкімшінің кабинетіне терезені бұзып кірген. Осылайша ол қызметтік бөлмеден ішінде 300 мың теңге ақша, құны 700 мың теңгелік телефон және өзге де заттар салынған қара сөмкені қолды еткен.
Бұл туралы Абай аудандық полиция басқармасына моншаның әкімшісі арызданды. Тәртіп сақшылары аталған жайтты тіркеп, бейнекамералар арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, жігітті бірнеше сағат ішінде қала аумағында ұстап, полиция басқармасына жеткізді.
– Ол сол жердің бұрынғы қызметкері болып шықты. Ұрланған мүлік толығымен заңды иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деді тергеуші Исламбек Қасымбеков.